Қылмыс

Шымкенттегі концерттегі давкадан кейін қылмыстық іс қозғалды

Шымкентте 10 қазанда өткен Қайрат Нұртастың концерті кезінде болған давкаға байланысты полиция қылмыстық іс тіркеді. Оқиға салдарынан бір көрермен жарақат алып, ауруханаға түсті.

Шымкентте 10 қазанда өткен Қайрат Нұртастың концерті кезінде болған давкадан кейін полиция қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы қала полиция департаменті хабарлады.

Ведомство мәліметінше, іс қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша тіркелген. Адам көп шоғырланған кезде көрермендердің бірі зардап шеккен. Қыз медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында жатыр. Ұйымдастырушылар полицияға жеткізілген.

Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Полиция ұйымдастырушылардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін, ал тексеру қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданатынын мәлімдеді.

Шымкенттің денсаулық сақтау басқармасы концерт кезінде Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда сегіз адам медициналық көмекке жүгінгенін хабарлады. Олардың жетеуі тексеруден кейін үйлеріне жіберілген.

18 жастағы қыз жарақатпен ауруханада жатыр. 11 қазан таңындағы жағдайы «біршама жақсарған, бірақ әлі де ауыр» деп бағаланып отыр. Оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп, мамандардың бақылауы жалғасуда.

Freedom Афиша да осы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады. Компания 10 қазанда Шымкенттегі концерт кіреберісінде давка болғанын айтып, зардап шеккендер туралы хабарлардан алаңдаушылық білдірді.