Қылмыс

Каспийдегі сарбаздар қазасына қатысты бес лауазымды тұлға қамауға алынды

Ұсталғандар қатарында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының штаб бастығы – бірінші орынбасары, екі әскери бөлім командирі, теңіз жаяу әскері ротасының және катер командирлері бар.Бұл туралы Newsroom.kz Polisia.kz ке сілтеме жасап хабарлайды.
 

Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тергеу мәліметінше, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде болған. Каспий теңізінің жағалауында өткен оқу-жаттығу кезінде «Қайсар» катерінен әскери қызметшілерді түсіру барысында ауа райының қолайсыздығынан сарбаздарды теңіз ағысы алып кеткен.

Қазір тергеу барысында оқу-жауынгерлік тапсырманы ұйымдастыру және өткізу кезінде шешімдердің қалай қабылданғаны, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілуі, катердің техникалық жағдайы және әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеті тексеріліп жатыр.

Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Күдіктілердің әрекетіне заң аясында тиісті құқықтық баға беріледі.

Тергеу барысы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның ерекше бақылауында.