Жайылым тапшылығы бар ауылдарға жер беруде басымдық беріледі
Қазақстанда жайылым тапшылығы қазіргі таңда шамамен 2,4 млн гектарға құрайды. Қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін қайта бөлу кезінде жайылымы жеткіліксіз елді мекендердің қажеттілігі бірінші кезекте ескеріледі. Бұл туралы Newsroom.kz Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке сілтеме жасап хабарлайды.
ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Дәулет Бижановтың айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес елді мекендер маңындағы жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарының қажетіне беру басым бағыттардың бірі.
«Ауылдағы шаруалардың, мал ұстайтын азаматтардың жайылым мәселесін шешуге бірінші кезекте көңіл бөлінеді», – деді ол.
Оның мәліметінше, әр аудан мен елді мекен бойынша жайылымдарды басқару жоспарлары бекітілген. Осы жоспарларға сәйкес мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің 5,5 млн гектары елді мекендер айналасындағы жайылым мәселесін шешуге пайдаланылған.
Сонымен қатар жайылым тапшылығын азайтуға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, Жер кодексі мен «Жайылымдар туралы» заңға қоғамдық жайылымдарға қатысты тиісті нормалар қосылған.
«Бұл өзгерістерге сәйкес бірінші кезекте ауылдық елді мекендердің айналасындағы малды жаю мәселесін шешуге басымдық беріледі», – деді Дәулет Бижанов.
Комитет өкілі жайылым тапшылығының көлемі жыл соңына дейін одан әрі төмендейді деп күтетінін айтты.
Айта кетейік, 2022 жылдан бері пайдаланылмаған немесе заң талаптарын бұза отырып берілген 15,6 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал 2026 жылы жоспарланған 1 млн гектардың орнына 1,2 млн гектар жер қайтарылған.