Жаңалықтар

Тоқаев Астана әкімдігіне граффити мәселесіне қатысты тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қоғамдық ғимараттардың қабырғаларын рұқсатсыз граффитимен бүлдіретіндерге қатысты қатаң шара қабылдауды тапсырды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлады.

Мемлекет басшысы Қазақстан қалаларында қоғамдық және муниципалдық нысандардың қабырғаларын заңсыз жазулар мен суреттермен бүлдіруге жол бермеу қажет екенін атап өтті.

Президенттің пікірінше, мұндай әрекеттерге қатысты заңнамалық және нормативтік шараларды күшейту керек. Атап айтқанда, қоғамдық аумақтарды бүлдіретін рұқсатсыз граффитиге толық тыйым салу мәселесін қарастыру тапсырылды.

Тоқаев мұндай әрекеттерді вандализм және өрескел бұзақылық ретінде қарастыру қажеттігін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек те қаладағы вандализм мәселесіне назар аударған. 2023 жылы ол қоғамдық тәртіпті бұзғандарды анықтау үшін бейнебақылау камераларын көбейту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқан.