Ақмола облысында «Газель» төрт жасар қызды қағып, мерт болды
Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Нұресіл ауылында жол-көлік оқиғасы болып, төрт жасар қыз көз жұмды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Қайғылы оқиға 15 қыркүйекте болған. Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, «Газель» көлігінің жүргізушісі ауыл ішінде көлікпен келе жатып, кәмелетке толмаған баланы қағып кеткен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан қыз бала алған жарақатынан қаза тапты.
Оқиғадан кейін полиция қызметкерлері көлік жүргізушісін ұстаған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары жол апатының барлық мән-жайын, оның ішінде оқиғаның нақты себептері мен жағдайларын анықтауда.
Полиция жол қозғалысына қатысушыларды жол ережесін қатаң сақтап, елді мекендерде көлік жүргізу кезінде барынша мұқият болуға шақырды.
Тергеу қорытындысы бойынша жүргізушінің жауапкершілігіне қатысты түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.