Заң қабылданбай тұрып кімдер талқылайды? Құрылтайда жаңа палата құрылады
Қазақстан Республикасы Құрылтайының жанынан Қоғамдық палата құрылады. Бұл туралы Құрылтайдың бірінші шақырылым отырысында шешім қабылданды, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Қоғамдық палата депутаттар мен сарапшылар, ғалымдар, азаматтық қоғам, кәсіби бірлестіктер және өңірлер өкілдері арасында тұрақты пікір алмасу алаңына айналмақ. Оның құрамына 50 адам енгізу жоспарланып отыр.
Палатаның негізгі бағыттарының бірі – заң жобаларын «нөлдік оқылым» кезеңінде қоғамдық және сараптамалық тұрғыдан қарау. Яғни құжаттар тиісті заң жобасы ретінде қаралып, қабылдану процесіне түспей тұрып, мамандар мен қоғам өкілдерінің ұсыныстары ескерілмек.
Бұл тәсіл заң жобаларын әзірлеу кезінде кәсіби пікірлерді, балама ұстанымдар мен нақты ұсыныстарды қарастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қоғамдық палата алаңында Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланады.
Алдағы уақытта Құрылтай Бюросы Қоғамдық палатаның жұмыс тәртібін айқындайтын ережені бекітеді. Сондай-ақ оның құрамын анықтап, басшылық қызметтерге тағайындау жүргізіледі.