Оқиға 2024 жылы Талдықорғанда өткен көгалдағы хоккей жарысы кезінде болған. Сол кезде 14 жаста болған жасөспірім жарысқа қатысу үшін барған. Телеарна мәліметінше, қыздың сусынына ұйықтататын зат қосылғаннан кейін ол есінен танып қалған. Кейін жаттықтырушысы оны бопсалап, болған жағдай туралы ешкімге айтпауын талап еткен.
Жәбірленушінің айтуынша, күдікті оны интим бейнежазбамен қорқытып, өзге ер адамдарға ақшаға берген. Қыз бұл туралы жақындарына екі жылдан кейін ғана айтқан.
Оқиға белгілі болғаннан кейін жәбірленушінің туыстары жаттықтырушымен кездескен. Осыдан кейін қыздың ағасы қамауға алынып, анасына үйқамақ бұлтартпау шарасы қолданылғаны хабарланды. Бұл жайт бойынша да құқықтық баға берілуде.
Қызылорда облысы полиция департаментінің мәліметінше, жаттықтырушы мен оның танысы ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған.
«Екі күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған. Қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру аяқталып, қатысушылар іс материалдарымен танысуда», – деді Қызылорда облыстық тергеу басқармасының бастығы Бауыржан Сәулебеков.
Полиция іс тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпаратты жариялауға болмайтынын атап өтті. Қазір жәбірленуші тарап істің сотқа тезірек жолдануын талап етіп отыр.