Медицина

Алматы қалалық кардиоорталығы JCI аккредитациясын алған алғашқы қалалық клиника атанды

Алматы қалалық кардиологиялық орталығы сыртқы аудиттен өтіп, Joint Commission International ұйымының аккредитациясын үш жыл мерзімге алды. Бұл мәртебе оған Қазақстандағы алғашқы қалалық клиника және шұғыл кардиологиялық көмек көрсететін мамандандырылған орталық ретінде берілді.

Алматы қалалық кардиологиялық орталығы сыртқы аудиттен сәтті өтіп, Joint Commission International (JCI) аккредитациясын алғаш рет үш жылға алды. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бұл мәртебе орталықты Қазақстандағы JCI алған алғашқы қалалық клиника және шұғыл кардиологиялық көмек көрсететін мамандандырылған орталықтардың бірі етті.

JCI әлемдегі медициналық ұйымдарды бағалаудағы «алтын стандарт» саналады. Бұл сертификат пациент қауіпсіздігінің жоғары деңгейін және медициналық қызмет сапасының талапқа сай екенін растайды.

19–21 тамыз аралығында тексеру жүргізген халықаралық сарапшылар орталықтың клиникалық үдерістеріне жоғары баға берген. Бағалауда дәрі-дәрмек және хирургиялық қауіпсіздік, инфекциялық бақылаудың қатаң жүйесі, тәуекелдерді азайту және емдеудің барлық кезеңіндегі сапаны жүйелі қадағалау қаралған.

Ведомствоның мәліметінше, орталықтың жұмыс ауқымы мен негізгі көрсеткіштері де назарға алынған.

2025 жылы орталық базасында алғаш рет жүрек трансплантациясы сәтті жасалды. Министрлік мұны қала кардиологиясы үшін жаңа деңгей деп бағалап, орталықтың ең күрделі операцияларды орындауға дайын екенін көрсетті.

Денсаулық сақтау министрлігі JCI аккредитациясын алу орталық ұжымының еңбегін мойындау ғана емес, сонымен бірге Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, отандық медицинаның бәсекеге қабілетін арттыру және медициналық туризмді дамыту бағытындағы маңызды қадам екенін атап өтті.