Аймақтар

Алматыда 2,5 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылмақ

Алматыда Еңбек күні мен Алматы қаласының күніне орай жалпықалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы Newsroom.kz Алматы қаласының Еңбек мобильділігі орталығына сілтеме жасап хабарлайды.
 

Жәрмеңке 15 қыркүйекте сағат 14:00-де Арбатта, Жібек жолы және Панфилов көшелерінің қиылысында ұйымдастырылады. Қатысушыларды тіркеу сағат 13:00-де басталады.

Іс-шараға экономиканың түрлі салаларынан 100 жұмыс беруші қатысады. Олар 400-ден астам бос жұмыс орны бойынша 2,5 мыңға жуық жұмыс орнын ұсынады.

Жәрмеңке барысында жұмыс іздеушілер жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, еңбек жағдайлары, еңбекақы, әлеуметтік кепілдіктер және кәсіби даму мүмкіндіктері туралы ақпарат ала алады.

Сондай-ақ келушілерге мемлекеттік жұмыспен қамту шаралары, кәсіптік оқыту бағдарламалары және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кеңес беріледі.

Қатысу тегін. Ұйымдастырушылар жұмыс берушілермен кездесуді тиімді өткізу үшін қатысушыларға өздерімен бірге түйіндеме алып келуді ұсынады.