Жарлықпен Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппараты туралы ереже бекітіліп, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы орынбасарының өкілеттіктері айқындалды.
Құжатқа сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппараты жаһандық сын-қатерлер мен елдегі ішкі ахуалдың өзекті аспектілеріне жан-жақты талдау жүргізеді.
Ал Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Кеңес Төрағасының актілері мен тапсырмаларының, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі шешімдерінің орындалуын бақылайды. Сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік, елдің қорғаныс қабілетін арттыру және заң мен тәртіпті сақтау салаларындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіреді.
Орынбасардың құзыретіне ақпараттық және киберқауіпсіздік, оның ішінде жасанды интеллектіні қолдану, дербес деректерді қорғау, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, азаматтық қорғаныс мәселелері де кіреді.Ол осы бағыттарда жұмыс істейтін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіреді, халықаралық байланыстарды жүзеге асырады және Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының қызметін ұйымдастырады.
Жарлыққа сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін дербес мемлекеттік орган ретінде айқындалды.
Аппараттың негізгі міндеттерінің бірі – ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бақылауды жетілдіру, мемлекеттік басқарудың орнықтылығын қамтамасыз ету және Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы мен Кеңес қызметіне институционалдық қолдау көрсету.
Жаңа ережелер Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, халықаралық аренадағы ұлттық мүдделері мен конституциялық құрылыстың негіздерін қорғауға бағытталған.