Журналистерге Құрылтай депутаттарымен кулуарда сөйлесуге шектеу қойылды
Қазақстанда жаңадан құрылған Құрылтайдың депутаттарымен журналистердің жұмыс істеу тәртібі өзгермек. Енді БАҚ өкілдеріне депутаттарға кулуарда еркін сұрақ қоюға болмайды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Құқық қорғау және журналистік ұйымдар бұл жағдайға алаңдаушылық білдірді. «Правовой медиа-центр», «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры, MediaNet халықаралық журналистика орталығы және Қазақстанның халықаралық адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросы Құрылтай депутаттарына ашық үндеу жасады. Ал Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбековтің айтуынша:
Бюро Құрылтайдағы БАҚ-пен жұмыс форматын қайта қарастырып жатыр. Қазіргі жоспар бойынша журналистер депутаттарға сұрақтарды тек баспасөз орталығында қояды. Сонымен бірге Құрылтай отырыстары мен одан кейінгі баспасөз конференциялары онлайн көрсетіледі.
Кальянбеков жаңа формат бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын да айтқан. Депутаттармен эксклюзивті сұхбат өткізу мүмкіндігі сақталады, бірақ ол үшін журналистерге алдын ала жазбаша өтініш беру қажет болуы мүмкін.
Құқық қорғаушы және журналистік ұйымдар Құрылтай басшылығын БАҚ өкілдерінің жұмыс тәртібін ашық түсіндіруге және іс жүзінде қолданылып жатқан талаптарды ресми құжаттар мен заңнамаға сәйкестендіруге шақырды. Олар парламенттің ашықтығы мен қауіпсіздік талаптары бір-біріне қайшы келмей, қоғамның ақпарат алу құқығы сақталуы тиіс екенін атап өтті.