Мұндай шара АҚШ-қа туристік немесе іскерлік мақсатта келгеннен кейін елден баспана сұраған шетелдіктерге қатысты болуы мүмкін. Бұл 2016–2026 жылдар аралығында берілген визалар туралы болып отыр.
АҚШ Мемлекеттік департаменті мұндай жағдайларды анықтау үшін Ішкі қауіпсіздік министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Алайда нақты қанша визаның күші жойылатыны әзірге белгісіз. Процесс кезең-кезеңімен жүргізілуі мүмкін.
Айта кетейік, визаның күшін жою адамды автоматты түрде бірден елден шығару дегенді білдірмейді. Егер адамның баспана алу туралы өтініші қаралып жатса, ол тиісті рәсімдерге қатыса алады.
Бұл бастама АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің көші-қон саясатын күшейту шараларының бір бөлігі болып отыр. АҚШ Мемлекеттік департаменті бұған дейін Трамптың екінші президенттік мерзімі басталғалы бері әртүрлі себептермен 175 мыңнан астам визаның күшін жойғанын хабарлаған.
Егер жоспарланған 200 мыңға дейінгі визаның күші жойылса, бұл АҚШ тарихындағы ең ауқымды визалық тексерістердің бірі болуы мүмкін.