Алматыда жаңа оқу жылына орай 11 мың орындық 8 жаңа мектеп ашылды
Алматыда жаңа оқу жылы 7 заманауи «Келешек мектебінің» ашылуымен басталды. Алатау ауданындағы №230 мектептің өзі 2 мың оқушыға есептелген. Биыл қала бойынша білім беру жүйесіне 12 мыңнан астам жаңа оқушы орны қосылды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Білім күні Алатау ауданындағы №230 «Келешек мектебінің» ашылуына қатысып, жаңа оқу жылының басталуымен ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналарды құттықтады.
Қала басшысы білім саласындағы жаңарудың негізгі бағыттарының бірі – балаларға заманауи әрі қолайлы оқу ортасын қалыптастыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаны өткен Тамыз конференциясында жас ұрпаққа сапалы білім берумен қатар, елдің болашағына жауапкершілікпен қарайтын адал азаматтарды тәрбиелеу ортақ міндет екенін айтқан.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Қазақстан бойынша 460 мың оқушыға арналған 217 жаңа мектеп бой көтерді. Алматы да бұл үдерісте белсенді қала қатарында.
Бұған дейін мегаполисте жалпы сыйымдылығы 24 300 орын болатын 14 «Келешек мектебі» пайдалануға берілген. Ал бүгін тағы 10 500 балаға арналған 7 жаңа мектеп өз жұмысын бастады. Сонымен қатар «Зерделі» шағынауданында 550 орындық мектеп ашылды.

Оқу орындарының инфрақұрылымы да жаңартылды. №160 мектеп қайта жаңғыртылса, 340 орындық №15 интернат бұзылып, қайта салынды. №112 және №174 мектептерде қосымша құрылыс жүргізілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде Алматыда тағы 1 015 оқушыға орын ашылды.
Осылайша, жаңа оқу жылында қаладағы білім беру жүйесіне енгізілген қосымша орындардың жалпы саны 12 065-ке жетті. Оның ішінде Алатау ауданында үш жаңа нысан пайдалануға берілді. Солардың бірі – 2 мың оқушыға арналған №230 «Келешек мектебі».
Биыл Алматы мектептерінде 42 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Ал мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған бірінші сынып оқушыларының саны 32 мыңнан асты.
Балаларды мектепке жеткізу мәселесі де назардан тыс қалмаған. Жаңа оқу жылында мектеп автобустары 11 496 оқушыны тасымалдайды.

Дархан Сатыбалды ұстаздардың бала тәрбиесі мен білім берудегі рөлін ерекше атап өтіп, олардың еңбегіне алғыс білдірді. Оқушыларды білімге ұмтылып, ізденуге және тың идеяларды жүзеге асыруға шақырды. Ал ата-аналарға бала тәрбиесінде мектеппен тығыз байланыс орнатып, өзара сенім мен бірлікті нығайтудың маңызын жеткізді.