Қылмыс

Петропавлдағы емханада пациент дәрігерге қол көтерді

Петропавлда 51 жастағы пациент қабылдау кезінде дәрігерді ұрып жіберген. Оқиға бойынша медициналық қызметкерге күш қолдану фактісімен қылмыстық іс қозғалды.

Петропавлда 51 жастағы пациент дәрігердің ескертуінен кейін оған қол көтерді. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға 17 тамыз күні таңертең қаладағы емханалардың бірінің дәлізінде болған. Полицияның мәліметінше, ер адам қабылдауға келіп, дәрігермен дауыстап сөйлескен. Медициналық қызметкер ескерту жасағаннан кейін пациент ашуланып, оның бетіне жұдырық жұмсаған.

«Медициналық қызметкерге қызметтік міндетін атқару кезінде күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл өңірде медициналық қызметкерге күш қолданудың тіркелген екінші жағдайы», – деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Қужахметов.

Оның айтуынша, маусым айында Шал ақын ауданында мас күйдегі ер адам жол апатынан кейін көмек көрсетіп жатқан медбикені ұрған. Сот оны 1,5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған.

Ұқсас оқиға Қостанайда да болған. Онда 70 жастағы ер адам қызметтік міндетін атқарып жүрген медициналық қызметкерге боқтық сөз айтып, күш қолданамын деп қорқытқаны үшін жазаланған.

7 наурызда Қазақстанда медицина қызметкерлерінің өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қол сұғуға қылмыстық жауапкершілік енгізетін өзгерістер күшіне енген.