Қылмыс

HAS ісі бойынша шығын көлемі 3 миллиард теңгеге жуықтады

Павлодар облысының прокуратурасы HAS қаржы пирамидасына қатысты қосымша тергеу нәтижесінде тағы 139 жәбірленуші анықталғанын хабарлады. Жалпы залал шамамен 3 миллиард теңгеге жетті.

Қазақстанда HAS қаржы пирамидасына қатысты іс жалғасын тапты. Қосымша тергеу барысында тағы 139 жәбірленуші анықталып, схемадан келген жалпы залал шамамен 3 миллиард теңгеге жетті.

Тергеу дерегінше, 2022–2023 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының тумасы қылмыстық топ құрған. Оның құрамына Астана мен Павлодар облысынан таныстары кірген.

Топ мүшелері Астана, Алматы, Павлодар, Екібастұз және елдің өзге қалаларындағы азаматтардан ақша алып, 70 пайызға дейін табыс табуға уәде еткен. Бастапқы кезеңде 376 адам жәбірленуші деп танылып, олар пирамиданың қатысушыларына 2 миллиард теңгеден астам қаржы берген.

Қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы бас бостандығынан айырылды, ал өзге қатысушыларға әртүрлі жаза тағайындалды. Қылмыстық жолмен алынған мүлік, соның ішінде Астана мен Павлодардағы жер учаскелері мен пәтерлер, 18 көлік және 300 миллион теңгеден астам қаражат тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді.

Негізгі іс аяқталғаннан кейін құқық қорғау органдары зардап шеккендерді анықтауды жалғастырды. Соның нәтижесінде тағы 139 жәбірленуші тіркеліп, оларға 882,8 миллион теңге көлемінде залал келгені белгілі болды.

Прокуратураның мәліметінше, жаңа анықталған мән-жайлар бойынша тергеу жүргізіліп, іс сотқа жолданған. Сотта мемлекеттік айыптаушы қылмыстық схеманың қалай құрылғанын және оның зардаптарын дәлелдермен көрсеткен.

Осылайша, қабылданған шаралардың нәтижесінде 515 азаматтың құқығы қорғалып, жалпы анықталған залал шамамен 3 миллиард теңгені құрады. Залалдың бір бөлігі жәбірленушілерге өтелген.