Жаңалықтар

Қызылордада «Жасыл ел» еңбек жасағының маусымы қорытындыланды

Қызылордада жастардың еңбек маусымын қорытындылауға арналған «Жасыл ел» еңбек жасақтарының салтанатты жабылу шарасы өтті. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Іс-шара «Сыр ана» монументінің жанында ұйымдастырылды. Оған облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, жастар ұйымдарының өкілдері, еңбек жасақтарының жетекшілері мен белсенді жастар қатысты.

Маусым барысында «Жасыл ел» құрамындағы жастар елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу және қоғамдық орындарды күтіп ұстауға атсалысты.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Руслан Каюпов жастардың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуының маңызын атап өтті.

«Жастар – елдің ертеңі ғана емес, бүгінгі қоғамның белсенді күші. Еңбекпен шыңдалып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу – үлкен азаматтық жауапкершіліктің белгісі», – деді ол.

Сондай-ақ еңбек маусымында белсенділік танытып, қоғамдық жұмыстарға жауапкершілікпен қатысқан жастар марапатталды. Оларға аймақ басшысының атынан арнайы Алғыс хаттар табысталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жасыл ел» жобасы жастардың еңбекке араласуына, ортақ іске жұмылуына және туған жердің дамуына үлес қосуына мүмкіндік беретін маңызды бастамалардың бірі.

Шара соңында жастарға алғыс білдіріліп, еңбекқорлық, елжандылық және туған жерге жанашырлық құндылықтары дәріптелді.