Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы әуе қатынасы кеңейеді
Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы әуе қатынасын кеңейтуге мүмкіндік беретін жаңа келісімге қол қойылды. Құжат 26 тамызда Эр-Риядта рәсімделді, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Келісім аясында екі ел арасындағы рұқсат етілген тұрақты рейстер саны аптасына 28-ден 70 рейске дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар әуе тасымалдаушыларына жаңа бағыттар ашуға мүмкіндік берілді.
Атап айтқанда, Астана – Эр-Рияд бағыты бойынша тікелей тұрақты рейстер ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Сауд Арабиясының басқа қалаларына қатынайтын бағыттар санын арттыру көзделген.
Жаңа келісім екі ел арасындағы азаматтық авиация саласындағы құқықтық базаны нығайтып қана қоймай, сауда-экономикалық және іскерлік байланыстарды дамытуға, инвестиция тартуға, туризм мен мәдени ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған.
Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы әуе қатынасын кеңейту мәселесі бұған дейін де талқыланған. Мәселен, 2025 жылы тараптар рейстер санын 14-тен 21-ге дейін арттыруға келіскен болатын.
Бұған қоса, Қазақстанның халықаралық маршруттық желісін кеңейту жоспарына Алматы – Эр-Рияд бағытын іске қосу да енгізілген. Сауд Арабиясының Air Arabia Dammam әуе компаниясы Алматы – Даммам бағытын ашуды жоспарлаған.
Қазақстанның Авиация әкімшілігі жаңа келісімнің екі ел арасындағы көлік байланысын жақсартып, жолаушылар үшін тікелей әуе қатынасының мүмкіндіктерін арттыратынын атап өтті.
Келісімге Қазақстан тарапынан Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, Сауд Арабиясы тарапынан Азаматтық авиация бас басқармасының президентінің міндетін атқарушы Сулейман бин Ахмед Альбассам қол қойды.