ОСК Құрылтайдың 145 депутатын тіркеді
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Құрылтайдың барлық 145 депутатын ресми түрде тіркеді. Бұл туралы ОСК XVI отырысының қорытындысына сілтеме жасап, Newsroom.kz хабарлайды.
ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның мәліметінше, Құрылтай депутаттары бес саяси партиядан сайланған.
Мандаттар келесідей бөлінді:
«Әділет» партиясы – 110 депутат;
«Ауыл» партиясы – 10 депутат;
«Respublica» – 9 депутат;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 8 депутат;
«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы – 8 депутат.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 44-бабына сәйкес депутаттардың өкілеттігі олар Орталық сайлау комиссиясында тіркелген сәттен бастап басталады.
«Депутаттық мандат – халықтың сенімі мен таңдауының нәтижесі. Ал Құрылтай депутатының мәртебесі әрқайсыңызға еліміз бен халқымыздың алдында үлкен жауапкершілік жүктейді», – деді Нұрлан Әбдіров.
Оның атап өтуінше, Құрылтай депутаттары тікелей сайлау құқығы негізінде сайланды. Сайлау науқанының барлық кезеңдері заңнама талаптарына сәйкес өткізілген.
Отырыстың соңында ОСК төрағасы жаңадан тіркелген Құрылтай депутаттарына куәліктері мен төсбелгілерін табыстады.
