СҚО-да 78 адамға заңсыз несие берген азамат сотталды
Солтүстік Қазақстан облысында лицензиясыз кәсіпкерлік және микроқаржылық қызметпен айналысқан азамат екі жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің СҚО бойынша департаментіне сілтеме жасап, Newsroom.kz хабарлайды
Тергеу барысында Ростовщиков Е.В заңсыз несие беру бойынша 78 эпизодқа қатысы бары анықталған. Қарыз алушылардың басым бөлігі банктен қаржы алу мүмкіндігі болмаған және ақшаға мұқтаж азаматтар болған. Тергеу мәліметінше, ақша беру үшін екі түрлі схема қолданылған.
Бірінші жағдайда нотариус арқылы қарыз шарты рәсімделіп, онда мәміленің нақты талаптары көрсетілмеген. Құжатта қарыз алушыға берілген ақшаға қоса, бүкіл несие мерзіміндегі пайыздар да есепке алынған. Қаражатты қайтаруды қамтамасыз ету үшін мүлік кепілге қойылған.
Екінші жағдайда қарыз беру сатып алу-сату шартымен бүркемеленген. Мүлік үшін ақша іс жүзінде берілмеген, ал мүліктің өзі қарызды қамтамасыз ету құралы ретінде пайдаланылған. Қарыз өтелгеннен кейін шарт бұзылып, мүлік иесіне қайтарылған.
Тергеу мәліметіне сәйкес, заңсыз қызмет нәтижесінде 774 млн теңге көлемінде қылмыстық табыс алынған. Бұл қаражатқа қымбат активтер сатып алынған.
Сот үкімімен мемлекет кірісіне алты пәтер, Toyota RAV4 автокөлігі, Kawasaki KLX250 мотоциклі және құны 280 млн теңге болатын бағалы қағаздар тәркіленді
Сонымен қатар сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.