Мемлекет басшысы бұл мәселені Астанада өткен Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында көтерді. Оның айтуынша, фастфудтың агрессивті жарнамасы қоғамдық кеңістікті кеңінен қамтып, балалардың тамақтану әдеттеріне әсер етуі мүмкін.
Тоқаевтың айтуынша, қазір Қазақстанда қант диабетімен ауыратын шамамен 7 мың бала дәрігерлердің бақылауында. Бұл көрсеткіштің азаймай, керісінше өсіп отырғанын атап өтті.
Президент Үкіметке құрамында қант, тұз және май мөлшері жоғары өнімдердің, әсіресе балаларға бағытталған жарнамасын шектеу тәжірибесін басқа елдермен салыстырып зерттеуді тапсырды. Алайда қазіргі уақытта фастфуд жарнамасына толық тыйым салу туралы нақты шешім қабылданған жоқ.
Бұл мәселе Қазақстанда бұған дейін де көтерілген. 2025 жылы Денсаулық сақтау саласының мамандары құрамында қант, тұз және трансмайы жоғары өнімдерді анықтауға мүмкіндік беретін «қоректік заттар профилін» әзірлеу жұмыстарын бастаған. Бұл жүйе кейін балаларға бағытталған зиянды тағамдардың маркетингін шектеуге негіз болуы мүмкін.
Енді Үкімет фастфуд жарнамасының балаларға әсерін жан-жақты зерттеп, оны шектеудің ықтимал жолдарын қарастыруы тиіс.