Жаңалықтар

Францияда торнадо соғып, ондаған адам жараланды

Францияның оңтүстік-батысындағы Пома ауылын қуатты торнадо соғып, ондаған адам жарақат алды. Табиғи апат салдарынан жүздеген үй зақымданды, деп хабарлайды Newsroom.kz.

Торнадо дүйсенбі күні кешке Ауд аймағында болған. Табиғи құбылыс Пома ауылындағы үйлердің шатырларын жұлып, ғимараттар мен көліктерге зақым келтірген.

Жергілікті биліктің мәліметінше, 39 адам жараланған, олардың екеуінің жағдайы ауыр. Сонымен қатар шамамен 300 тұрғын үй зардап шеккен.

Құтқару қызметтері апат орнында жұмыс істеп, зақымданған ғимараттарды тексерді. Бірқатар тұрғын уақытша баспаналарға орналастырылды. Ауылдағы мыңнан астам үй электр қуатынсыз қалған.

Метеорологиялық қызметтің мәліметінше, Францияда жыл сайын бірнеше ондаған торнадо тіркеледі. Алайда олардың басым бөлігі мұндай жоғары деңгейдегі зардап әкелмейді.

Аймақтағы қолайсыз ауа райы салдарынан бұршақ жауып, қатты жел соққан. Ауа райының күрт нашарлауына байланысты Испанияның «Вуэльта» веложарысының үшінші кезеңі де тоқтатылды.