Orda.kz-тің бұрынғы бас редакторы сотталды: оған қандай айыптар тағылды?
Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 соты Orda.kz интернет-басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Бұл туралы Newsroom.kz Алматы соттына сілтеме жасап хабарлайды.
Сот оны Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша кінәлі деп таныды. Атап айтқанда, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша айып тағылған.
Сот мәліметінше, 2024 жылдың қарашасы мен 2025 жылдың желтоқсаны аралығында Бажкенова басшылық қызметін пайдаланып, компания қаражатынан 88,1 млн теңгені заңсыз иемденген. Бұдан бөлек, кәсіпкер ретінде тіркелмей, Алматыда пәтерлерді сатып-сату арқылы 121,2 млн теңге табыс алғаны және салық төлемегені анықталған.
Сондай-ақ 2024–2025 жылдары интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде көрінеу жалған ақпаратты 8 эпизод бойынша таратқаны айтылды. Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл әрекеттер азаматтар мен ұйымдардың, сондай-ақ мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген.
Сот үкімімен Бажкенова 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған 5 жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдары, журналистика, блог жүргізу, жария іс-шаралар және өзге де қоғамдық қызмет салаларында жұмыс істеуге, сондай-ақ БАҚ-қа қатысты ұйымдарда басшылық және материалдық жауапты қызмет атқаруға тыйым салынды. Сот материалдық залалды өтеу есебіне 95,9 млн теңге, мемлекеттік баж ретінде 2,8 млн теңге және өзге де процестік шығындарды өндіріп алу туралы шешім қабылдады.
Бажкенованың 14 жасқа толмаған баласы бар екенін ескере отырып, жазаны өтеу екі жылға кейінге қалдырылды.
Бұған дейін Бажкенова тағылған айыптарды мойындамаған. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.