weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Баннер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Қазақстан өңірлеріне жылан көбейді: Қалай қорғанамыз?

Аномальды ыстықтың салдарынан Қазақстанның бірқатар өңірінде жыландардың белсенділігі артты. Құтқарушылар тұрғындарды, әсіресе балаларды жыландардан сақ болуға шақырады,— деп хабарлайды newsroom.kz

Қазақстан өңірлеріне жылан көбейді: Қалай қорғанамыз?

Astana TV мәліметінше, соңғы бір айда Ақтөбе мен Хромтау қалаларында балаларды жылан шағып, төрт жағдай тіркелген. Зардап шеккендердің барлығына дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп, жағдайдың соңы қайғылы жағдайға ұласпаған.

Мамандардың айтуынша, жыландар әдетте адамдармен кездесуден қашады. Алайда ауа температурасының жоғарылауына байланысты олардың белсенділігі айтарлықтай артқан.

Шымкентте де жыландарға қатысты шақыртулар көбейген. Маусым басталғалы бері қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне жыландарға байланысты 293 хабарлама түскен. Құтқарушылар 169 жағдайда жыланды ұстап, қауіпсіз жерге шығарған.

ДЧС өкілдерінің мәліметінше, өткен жылы осы кезеңде жыландарға байланысты 339 шақырту түсіп, 209 жылан ауланған. Ал 2026 жылғы нақты қорытындыны шығаруға әлі ерте, себебі жыландардың белсенділік кезеңі күзге дейін жалғасады. Шымкентте әзірге жылан шағу фактісі тіркелмеген.

Жыландар аптап ыстықтан қорғану үшін көбіне жеке үйлерге, сарайлар мен жертөлелерге кіріп кетеді. Кей жағдайларда олар көпқабатты үйлердің аумағынан да байқалған. Мамандардың айтуынша, жыландар ағаштар арқылы да адамдар тұратын жерлерге жақындай алады.

Мұндай жағдайлар Түркістан облысы мен Алматы облысында да тіркеліп отыр.

Мәселен, Ленгер қаласында жылан тұрғын үйдің ішіне кіріп кеткен. Түркістан облысының құтқарушылары арнайы құралдың көмегімен бауырымен жорғалаушыны ұстап, қауіпсіз жерге шығарған.

Ал Іле ауданындағы Байсерке ауылында жеке тұрғын үйдің ауласынан жылан табылған. Оқиға орнына келген құтқарушылар оны арнайы құралмен қауіпсіз ұстап, елді мекеннен тыс жерге апарып, тұрғын үйлерден алыс аумақта босатқан. Зардап шеккендер жоқ.

Жыланнан қалай сақтануға болады?

• Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға:

• биік шөп пен қалың бұталар өскен жерлерде абай болуды;

• тас үйінділеріне, құлаған ағаштарға және құрылыс материалдарының маңына жақындамауды;

• су айдындарының маңында жүргенде сақтық танытуды;

• тұрғын үй, аула, сарай мен жертөлелерді үнемі тексеріп отыруды ұсынады.

Балаларға жыландарға жақындауға, оларды ұстауға немесе қуалауға болмайтынын түсіндіру маңызды.

Жылан шаққан жағдайда не істеу керек?

Егер адамды жылан шақса, дереу жедел жәрдем шақыру қажет. Зардап шегушіні жатқызып, шаққан аяқ-қолды қимылдатпай ұстаған жөн. Сонымен қатар сақина, білезік және басқа да әшекейлерді, сондай-ақ тар киімді шешу керек. Жараны таза сумен жуып, үстін таза таңғышпен жабуға болады.

Мүмкіндік болса, жыланның сыртқы белгілерін есте сақтап немесе қауіпсіз қашықтықтан суретке түсіріп алған дұрыс. Бұл дәрігерлерге қажетті емді, соның ішінде тиісті уға қарсы сарысуды таңдауға көмектеседі.

Мынаны жасауға болмайды:

• жылан шаққан жерге жгут салуға;

• уды ауызбен соруға немесе жараны кесуге;

• жараға мұз басуға;

• дәрігердің нұсқауынсыз алкоголь, кофеинді сусындар немесе ауырсынуды басатын дәрілер қабылдауға болмайды.

Мамандардың айтуынша, жыланды өз бетіңізше ұстауға немесе өлтіруге әрекет жасамаған дұрыс. Қауіп төнген жағдайда құтқарушыларға хабарлап, мамандардың келгенін күткен жөн.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→