Астанада LRT жолақысының жаңа тарифтері бекітілді
2026 жылғы 1 тамыздан бастап Астанадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесінде жаңа жолақы тарифтері күшіне енеді. Жолаушыларға бір реттік билеттен бөлек, бірнеше күнге, бір айға және үш айға арналған жол жүру карталары, сондай-ақ бірнеше сапарға арналған пакеттер ұсынылады. Бұл туралы Newsroom.kz, City Transportation Systems-ке cілтеме жасап хабарлайды.
City Transportation Systems (CTS) компаниясы Астанадағы LRT жүйесіне арналған жаңа жолақы тарифтерін жариялады. Жаңартылған бағалар 2026 жылғы 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Жаңа тариф бойынша бір реттік жол жүру құны – 200 теңге.
Сонымен қатар жолаушылар келесі мерзімдерге арналған жол жүру билеттерін сатып ала алады:
- 1 күнге – 500 теңге;
- 3 күнге – 1 500 теңге;
- 5 күнге – 2 500 теңге;
- 10 күнге – 4 000 теңге;
- 15 күнге – 5 000 теңге;
- 1 айға – 7 500 теңге;
- 3 айға – 20 000 теңге.
Бұдан бөлек, бірнеше сапарға арналған арнайы пакеттер де қарастырылған. Мәселен, 5 жол жүру – 900 теңге, ал 30 жол жүру – 5 000 теңге тұрады.
CTS мәліметінше, көлік картасы жоғалған жағдайда оған жүктелген тарифтер қалпына келтірілмейді. Сондай-ақ айлық жол жүру билеттерінің қолданылу мерзімі оларды сатып алған күнге байланысты есептеледі.
Қазіргі таңда жаңа тарифтер тек LRT жүйесіне ғана қатысты. Болашақта оларды Астананың автобус желісімен біріктіріп, қоғамдық көліктің бірыңғай төлем жүйесін қалыптастыру жоспарланып отыр.