Жаңалықтар

Қазақстанда жарты жылда қанша мұнай, көмір және бензин өндірілді?

Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросы 2026 жылдың қаңтар–маусым айларындағы өнеркәсіп кәсіпорындарының өнімді тиеп-жөнелтуі мен қорлары туралы есеп жариялады,— деп хабарлайды newsroom.kz

Қазақстанда жарты жылда қанша мұнай, көмір және бензин өндірілді?Статистикада тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі, энергетика, металлургия, мұнай өңдеу, тамақ өнеркәсібі мен машина жасау салаларындағы өндіріс және өнімді өткізу көлемдері қамтылған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, алты ай ішінде елімізде 53,6 млн тонна көмір, 39,6 млн тонна мұнай және 12,8 млрд текше метр табиғи газ өндірілген. Сондай-ақ 16,7 млн тонна темір кені, 76,3 млн тонна мыс кені, 19,3 млн тонна алтын құрамды кен және 3,5 млн тонна хром кені өндірілді.

Тамақ өнеркәсібінде есепті кезеңде 33 мың тоннадан астам құс еті, 27,2 мың тонна шұжық өнімдері, 365 мың тоннаға жуық тазартылмаған күнбағыс майы, 123 мың тонна қант және 42,6 мың тонна кондитерлік өнім шығарылды. Сонымен қатар 306 млн литрден астам сыра және 1,6 млрд литр алкогольсіз сусын өндірілген.

Мұнай өңдеу кәсіпорындары автомобиль бензині мен дизель отынының жиынтық көлемі 3 млн тоннадан астам өнім өндірді. Бұдан бөлек, елде 1,2 млн тоннадан астам күкірт қышқылы және 217 мың тоннаға жуық азот тыңайтқышы шығарылған.

Құрылыс саласында 6,9 млн тоннаға жуық портландцемент және 6,7 млн тонна тауарлық бетон өндірілді. Металлургия кәсіпорындары 900 мың тонна феррохром, 232 мың тоннаға жуық тазартылған мыс, 33,6 тонна тазартылған алтын және 306 тоннадан астам тазартылған күміс өндірген.

2026 жылдың қаңтар–маусым айларында Қазақстанда жалпы 61,6 млрд кВт·сағ электр энергиясы өндірілді. Бұл көрсеткіш бойынша Павлодар облысы көш бастап, өңірде 24,7 млрд кВт·сағ электр энергиясы өндірілген.

Сондай-ақ есепті кезеңде ел бойынша 52,7 мың Гкал жылу энергиясы өндірілді.