Үкімет KazSat-3R жерсерігі жүйесін әзірлеуге 10,4 млрд теңге бөлді
Қазақстан Үкіметі ұлттық спутниктік байланыс жүйесін жаңғырту аясында KazSat-3R жерсерігі жобасын іске асыруға 10,4 млрд теңге бөлді. Жаңа жерсерік 2029 жылы пайдалану мерзімі аяқталатын KazSat-3-тің орнын басып, елдегі спутниктік байланыстың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.
Үкіметтің мәліметінше, KazSat-3R жобасы Қазақстанның телекоммуникациялық инфрақұрылымын жаңғыртып, шалғай елді мекендердегі байланыс сапасын арттыруға бағытталған. Жаңа жерсерік арқылы интернеттің қолжетімділігі кеңейіп, телерадио хабарларын тарату қызметінің тұрақтылығы күшейеді.
Сонымен қатар жоба елдің ақпараттық қауіпсіздігін нығайтып, ғарыштық байланыс саласындағы технологиялық тәуелсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Спутниктік жүйе мемлекеттік органдардың байланыс қажеттіліктерін де қамтамасыз етуді жалғастырады.
Қазіргі таңда KazSat жүйесіне 19 байланыс операторы қосылған. Жерсерік арқылы көрсетілетін телехабар тарату қызметі 2 миллионнан астам абонентті қамтып отыр. Бұл инфрақұрылым мемлекеттік мекемелер мен стратегиялық маңызды ұйымдардың жұмысында да кеңінен қолданылады.
Үкімет соңғы екі жыл ішінде еліміздегі халықтың 99 пайызы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізгенін мәлімдеді. Сондай-ақ 4,5 мыңнан астам ауыл интернет желісіне қосылып, шалғай өңірлерді спутниктік байланыс арқылы қамту жұмыстары жалғасып жатыр.
Еске салсақ, KazSat-3 жерсерігі 2014 жылы ғарышқа ұшырылған болатын. Оның пайдалану мерзімі шамамен 15 жылға есептелген. Бұған дейін жобаға енгізілген өзгерістерге сәйкес HTS технологиясын қолданудан бас тартылып, жаңартылған KazSat-3R жобасының жалпы құны 87,2 млрд теңге болады деп хабарланған.