Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері жүргізіп жатқан тұрақты мониторинг барысында фототұзақтарға қарақұйрықтар түсіп қалған. Мамандардың айтуынша, бұл жануар еліміздегі сирек кездесетін тұяқтылардың бірі саналады және Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Қарақұйрық негізінен шөл және шөлейтті аймақтарды мекендейді. Ол ерекше сақтығымен, шапшаңдығымен және табиғаттың қатал жағдайларына бейімделуімен ерекшеленеді.
Ұлттық парк аумағында сирек кездесетін жануарларды қорғау және олардың табиғи мекендеу ортасын сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Фототұзақтар арқылы жануарлардың таралу аймағы, саны, қозғалысы мен тіршілік ерекшеліктері зерттеліп, экологиялық бақылау жүргізіледі.
Мамандардың пікірінше, мұндай бақылау тәсілі жануарларға кедергі келтірмей, олардың табиғи өмір салтын зерттеуге мүмкіндік береді. Ал қарақұйрықтың фототұзаққа түсуі ұлттық парк аумағындағы биоалуантүрліліктің сақталып отырғанын дәлелдейді.