Шоубиз

Айым Сейітметова ажырасуға өтініш бергенін мәлімдеді

Танымал блогер әрі актриса Айым Сейітметова жолдасы Талғат Итаевпен ажырасуға шешім қабылдағанын айтты. Оның сөзінше, некені бұзу туралы онлайн өтініш бірнеше рет қабылданбаған. Сондай-ақ блогер бұл шешімге эмоционалды опасыздық себеп болғанын меңзеді.

Айым Сейітметова әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстанда ажырасу рәсімінен өту оңай емес екенін айтып, некені бұзу туралы өтінішті ХҚКО қызметі арқылы онлайн жолдауға бірнеше рет әрекет жасағанын жеткізді.

«Қазақстанда ажырасу үшін тұтас квесттен өту керек сияқты. Онлайн өтінішті үш рет қабылдамай қойды», – деп жазды актриса.

Кейін ол тағы бір жазбасында отбасының бұзылуына жолдасының эмоционалды опасыздығы себеп болғанын меңзеді.

«Физикалық түрде көзге шөп салудан гөрі эмоционалды опасыздық әлдеқайда ауыр екен. Еркектер, аманаттарыңызды бағалаңыздар және сүйіктілеріңізді ешқашан сатпаңыздар», – деп жазды блогер.

Әзірге Талғат Итаев бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдірген жоқ. Сондықтан ажырасудың нақты себептері туралы тараптардың толық мәлімдемесі жарияланған жоқ.