Әлем

Ауғанстандағы әйелдер шеруі күшпен басылды: қаза тапқандар бар

Әйелдерге қатысты жаңа шектеулерге қарсы наразылықтардан кейін Ауғанстанның ірі қалаларының бірі қауіпсіздік күштерінің күшейтілген бақылауына алынды,— деп хабарлайды newsroom.kz

Наразылықтар дағдарысқа ұласты

Ауғанстанның Герат қаласында әйелдерге қатысты саясатқа қарсы шыққан тұрғындар жаппай наразылық акцияларын өткізді. «Осторожно, новости» Telegram-арнасының хабарлауынша, шерулерді басу үшін биліктегі Талибан қалаға қосымша күштер мен ауыр әскери техниканы жіберген.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, наразылық білдірушілерді тарату кезінде атыс қаруы қолданылған.

Қаза тапқандар мен ұсталғандар бар

БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдемдесу миссиясының мәліметінше, қақтығыстар барысында бір бала қаза тапқан. Сондай-ақ жараланғандар мен ұсталғандар туралы ақпарат тарады.

Ұйымның хабарлауынша, ұсталғандардың арасында ондаған адам, соның ішінде жүкті әйелдер мен егде жастағы тұрғындар бар.

Күштік құрылымдардың араласуынан кейін жаппай наразылықтар тоқтағанымен, өңірдегі жағдай әлі де шиеленісті күйінде қалып отыр. Жергілікті халықтың айтуынша, қауіпсіздік күштері көшелерде тексерулер жүргізіп, азаматтарды тінтіп, олардың қайда және қандай мақсатпен бара жатқанын сұрастыруда.

Наразылықтың себебі неде?

Дереккөздердің мәліметінше, қауіпсіздік шаралары тек Гератта ғана емес, Дашт-е Барчи ауданында да күшейтілген.

Наразылықтарға 2021 жылы «Талибан» билікке қайта келгеннен кейін енгізілген әйелдер құқықтарына қатысты шектеулер себеп болған. Соңғы жылдары Ауғанстан билігі әйелдердің саябақтар мен спорт нысандары сияқты қоғамдық орындарға баруын шектеп, қыздардың білім алу мүмкіндіктеріне де елеулі тосқауылдар қойған.

Бұдан бөлек, биылғы мамыр айында қабылданған неке заңнамасына қатысты шешімдер халықаралық қауымдастықтың сынына ұшырады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін шектеуге бағытталған саясатты бірнеше рет айыптап, алаңдаушылық білдірген.