Жасанды интеллект пен аналитика: Алматы дамуының жаңа бағыты
Алматы қаласында «Талдау мектебі. Алматы» өңірлік жобасы аясында үлкен деректерге, аналитикаға және қалалық дамуды зерттеудің заманауи тәсілдеріне арналған білім беру модулі өтті. Жоба Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда,— деп хабарлайды newsroom.kz
Модуль барысында Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі Төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов, Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев және ҚР СЖРА жанындағы Демографиялық процестерді талдау және болжау орталығының жетекшісі Аяулым Сағынбаева сөз сөйледі.
Модульді ашқан Олжас Төлеуов Алматы қаласының экономикалық келбеті мен еліміздегі ең ірі мегаполистің дамуындағы негізгі үрдістерді таныстырды. Қатысушыларға қала экономикасының серпіні, инвестициялық белсенділік, қалалық инфрақұрылымның дамуы және цифрлық сервистерді енгізу жөніндегі деректер ұсынылды.
Мақсат Тұрлыбаев өз баяндамасында ресми статистиканы қалыптастырудың заманауи тәсілдерін, «Е-статистика» жүйесін дамыту, процестерді автоматтандыру, сондай-ақ Big Data және баламалы деректер көздерін пайдалану бағыттарын таныстырды.
Деректерді талдау мен процестерді нақты уақыт режимінде бағалау барысында заманауи аналитикалық құралдар мен жасанды интеллект технологияларын қолдану тәжірибесі қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Қазақстанның демографиялық тұрақтылығы тақырыбында дәріс оқыған Аяулым Сағынбаева урбанизация, көші-қон, демографиялық өзгерістер және олардың экономика мен қалалардың дамуына әсері мәселелеріне тоқталды.
«Талдау мектебі. Алматы» жобасы мегаполисті дамытуға арналған қолданбалы аналитикалық шешімдер мен стратегиялық ұсынымдар әзірлеуге бағытталған сараптамалық алаң ретінде жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында қатысушылар деректерді талдаудың заманауи әдістерін меңгеріп, сарапшылармен бірлесіп Алматының орнықты дамуына қатысты ұсыныстар әзірлейді.