MV Hondius круиздік кемесіндегі хантавирус жұқтырғандар саны артты
MV Hondius круиздік кемесінде тіркелген Анд хантавирусын жұқтыру оқиғасы бойынша науқастар саны тоғызға жетті. Оның үшеуі қайтыс болған. Бұл туралы Женевадан өткен тікелей эфир барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының эпидемиология және төтенше жағдайларға әрекет ету бөлімінің жетекшісі Оливье ле Полен мәлімдеді.
Оның айтуынша, науқастардың жетеуінде диагноз зертханалық түрде расталған. Қайтыс болған үш адамның барлығы да осы расталған жағдайлардың қатарына кіреді.
ДДСҰ мәліметінше, вирус Анд штамына жатады. Бұл — адамнан адамға сирек жағдайда жұғуы мүмкін хантавирустың жалғыз түрі. Қазіргі уақытта халықаралық мамандар індеттің таралу жолдарын зерттеп, жолаушылар мен экипаж мүшелерінің байланыстарын тексеріп жатыр.
Алдын ала ақпарат бойынша, вирус жұқтырғандардың бірнешеуі әртүрлі елдерге оралғандықтан, бақылау шаралары бірнеше мемлекетте қатар жүргізілуде. Дегенмен, ДДСҰ әзірге әлемдік деңгейдегі қауіп төмен екенін атап өтті.