Жаңалықтар

Қапшағай су қоймасы 98%-ға толды

Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы толу деңгейі шекті межеге жақындады. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, бүгінде су қоймасында 18,04 млрд текше метр су жиналған,— деп хабарлайды newsroom.kz

Ведомствоның хабарлауынша, жиналған су көлемі Ақдала және Шеңгелді ауылдық округтеріндегі ауыл шаруашылығы алқаптарын суармалы сумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қапшағай су қоймасы трансшекаралық Іле өзені арқылы келетін су ағынын реттейді. Бұл өзен Балқаш көліне құяды. Вегетациялық емес кезеңде су қоймасынан Балқаш көліне шамамен 4 млрд текше метр су жіберілген.

ҚР Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов Қазақстан трансшекаралық өзендер мәселесі бойынша Қытай тарапымен тұрақты байланыс жүргізіп отырғанын айтты.