Жаңалықтар

Министр: Балалар – біздің басты құндылығымыз

Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті,— деп хабарлайды newsroom.kz

Комиссия – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қараусыздық пен панасыздықтың алдын алу саласында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган.

Отырыста бейінді мемлекеттік органдардың өкілдері қазіргі ахуал бойынша баяндама жасады. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысына сәйкес, елімізде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық деңгейі 8 пайызға төмендеген.

Сонымен қатар жиын барысында Ведомствоаралық комиссияның алдағы жұмыс жоспары бекітілді. Құжатта кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу нәтижелері үшін өңірлердің жауапкершілігін күшейту, тәуекел тобындағы балалармен атаулы жұмысты жетілдіру, ведомствоаралық іс-қимыл мен тәлімгерлік институтын дамыту, сондай-ақ жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының өңірлік жоспарларын іске асыру сапасын арттыру шаралары қарастырылған.

Еліміздің барлық өңірінде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың құрамы жаңартылғаны атап өтілді. Олардың қатарына азаматтық қоғам мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері енгізілген. Олар кәмелетке толмағандар арасындағы девиантты мінез-құлықтың алдын алу шараларына қатысып, білім беру ұйымдарымен және құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс жүргізіп келеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе ретінде кәмелетке толмағандар арасындағы суицид проблемасы қаралды. Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.

2024 жылғы шілдеде суицидтік мінез-құлық белгілері бар кәмелетке толмағандарды анықтау және оларды одан әрі сүйемелдеу бойынша бірыңғай алгоритм енгізілді. Бұл құжат мүдделі қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібін айқындап, балаларға уақтылы көмек көрсетуге бағытталған.

Отырыста балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, сондай-ақ осы саладағы ведомствоаралық іс-қимылды жетілдіру мәселелері жеке қаралды. Әр өңір бойынша жағдайға талдау жасалып, себептер, тәуекел факторлары және қолданыстағы шаралардың тиімділігі сараланды.
 

«Балалар – біздің басты құндылығымыз, ең алдымен, мемлекеттің адами капиталы. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия жай ғана консультативтік-кеңесші орган емес. Бұл – балалардың зорлық-зомбылық пен буллингке ұшырамауы, қауіпсіз ортада өмір сүріп, қарым-қатынас жасауы, заңсыздықтың құрбаны болмауы және өздері де заң бұзбауы үшін барлық күш-жігерімізді үйлестіріп, бір арнаға тоғыстыратын алаң. Осы бағыттағы профилактикалық және превентивті жұмыс – комиссиямыздың басты миссиясы әрі дені сау, саналы және мықты жас ұрпақ тәрбиелеудің маңызды факторы», — деді Аида Балаева.