Елордада «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Астанадағы Президенттік орталықта ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Ұлттық кітап» республикалық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті,— деп хабарлайды newsroom.kz
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырылды.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаевтың құттықтау сөзімен ашылды.
«Мемлекет басшысы әрдайым қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытуға ерекше мән береді. 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасын ұсынған еді. Аталған тұжырымдама негізінде былтырдан бастап 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып белгіленді», – деді Арман Қырықбаев.
Сондай-ақ, Президент көмекшісі алдағы екі аптада Мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға және зияткер ұлт қалыптастыруға бағытталған арнайы Жарлыққа қол қоятынын жеткізді.
Іс-шараға Парламент депутаттары, белгілі ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ кітапхана басшылары қатысты.
«Ұлттық кітап» республикалық байқауы отандық авторларды қолдауға, баспа ісін дамытуға және қазақ әдебиетінің, руханиятының дамуына бағытталған. Биыл байқауға 32 баспадан 155 өтінім түсті. Қатысушылар соңғы екі жылда жарық көрген отандық авторлардың шығармаларын ұсынды.
Жеңімпаздар тоғыз номинация бойынша анықталды. Олардың қатарында «Балаларға арналған үздік кітап», «Үздік комикс», «Нон-фикшн бағытындағы үздік кітап», «Детектив жанрындағы үздік кітап», «Сатира жанрындағы үздік кітап», «Үздік иллюстрациялық кітап», «Үздік аударма кітап», «Фантастика жанрындағы үздік кітап» және «Үздік баспа» бар. Сонымен қатар «Жыл кітабы» аталымы бойынша жеңімпаз есімі белгілі болды.