Технология

Ресей Қазақстандағы АЭС құрылысының 85%-ын несиелендіреді

Ресей Қазақстанға атом электр станциясын (АЭС) салу үшін қаржының 85%-ын мемлекетаралық несие түрінде ұсынады, ал қалған 15%-ын Қазақстан Үкіметі өз мойнына алады. Бұл туралы Атом энергетикасы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді,— деп хабарлайды newsroom.kz

«Біздің станцияны қаржыландыруда мәселе болмайды. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Ресей Федерациясы тарапынан мемлекетаралық несие беру қарастырылған нақты формула анықталды», – деді Алмасадам Сәтқалиев сейсенбі күні Астанада журналистерге.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта тиісті үкіметаралық келісімдер әзірленіп жатыр.


«Бұл мемлекетаралық несие болады. Қазір екі келісім дайындалуда: біріншісі – атом станциясын салу туралы, екіншісі – Ресей тарапынан қаржыландыру ұсыну туралы. Қаржыландыру құрылымы қарастырылуда: оның 85%-ы Ресей Федерациясының несиесі, ал 15%-ы Қазақстан Үкіметінің үлесі болады», – деп нақтылады ол.

Агенттік басшысы еске салғандай, «Росатом» компаниясының қатысуымен салынатын АЭС-тің алдын ала құны екі энергоблок (әрқайсысы 1200 МВт) үшін шамамен 15 миллиард долларды құрайды.