Жаңалықтар

Қауіпті сапар: Түркия мен Италия жағалауында заңсыз мигранттар қайығы суға батты

Ливия мен Ауғанстаннан шыққан заңсыз мигранттар резеңке қайықтармен Еуропаға жетуге тырысқан. Euronews мәліметінше, Еуропа елдерінің жағалауына жетуге әрекет жасаған кезде 40-қа жуық мигрант қаза тауып, тағы ондаған адам зардап шеккен,— деп хабарлайды newsroom.kz

1 сәуір күні Италия жағалау күзеті Лампедуза аралы маңынан адамға лық толы резеңке қайықты анықтаған. Қайықта 77 адам болған, олардың 19-ы құтқарушылар келгенге дейін көз жұмған. Алдын ала болжам бойынша, олар суықтан және қайық түбіне жиналған көмірсутек буларынан уланған.

Тағы 5 адамның жағдайы ауыр деп бағаланған.

Лампедуза аралы Солтүстік Африкадан Жерорта теңізі арқылы Еуропаға өтетін мигранттар үшін негізгі бағыттардың бірі болып қала береді.

Сонымен қатар мигранттар мінген тағы бір үрлемелі қайық Түркияның батысындағы Мугла провинциясы жағалауында суға батқан.

Түркия жағалау күзетінің хабарлауынша, ондаған мигрант отырған қайық патрульдің тоқтау туралы ескертуін елемей, жоғары жылдамдықпен қашуға тырысқан. Соның салдарынан қайық аударылып кеткен. Эгей теңізі аумағынан 19 адамның мәйіті табылды, олардың арасында бір бала бар. Шамамен 20 мигрант құтқарылған.