Жаңалықтар

Қазақстанда тұрғын үй кезегінде шамамен 970 мың адам тұр

Отбасы банк тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың бұрын әртүрлі жерде сақталған тізімдерін «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» атты бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктірді,— деп хабарлайды newsroom.kz

Бұған дейін кезекте тұрғандардың есебін әкімдіктер жүргізіп келген. Оларда балалар үйлерінің тәрбиеленушілерінен бастап әскери қызметкерлерге дейін әртүрлі санаттар бойынша бірнеше бөлек тізім болған.

Тізімдер Отбасы банкке берілгеннен кейін кезекті түгендеу (инвентаризация) жұмыстары басталды. Қазіргі таңда 408 565 азамат тексеруден өткен, тағы 49 011 адамның құжаттары қаралу үстінде. Сонымен қатар 74 005 азаматтың кезегі мән-жайды нақтылау үшін уақытша тоқтатылды. Ал 16 537 адам тұрғын үй кезегінен шығарылды, тағы 75 456 адамды кезекке қоюдан бас тартылған.

Бас тартудың ең жиі себептері:

• кезекте тұрған адамның немесе оның отбасы мүшелерінің атында тұрғын үйдің болуы;

• сондай-ақ отбасы мүшелерінің бірінің тұрғын үй кезегінде тіркелуі.

Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 968 640 қазақстандық тұр. Олардың шамамен 30%-ы немесе 306 632 адам басымдықпен тұрғын үй алу құқығына ие. Бұл — тұрғын үй мәселесін өз бетінше шешуі қиынырақ азаматтар санаты. Қазіргі мемлекеттік қолдау шаралары дәл осы топтарға бағытталған.

2025 жылдың қазан айынан бастап жергілікті әкімдіктер банкке 21 255 пәтер тапсырған. Оның ішінде 6 670 пәтер кезекте тұрған азаматтарға жалға берілген, ал 2 343 пәтер 2% және 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие арқылы сатып алу үшін рәсімделіп жатыр.

Тұрғын үйді бөлу екі негізгі критерий бойынша жүзеге асырылады: кезекке қойылған уақыты және азаматтардың басымдық санаты.