Ауғанстанда су тасқынынан 17 адам қаза болды
Ауғанстанның бірқатар аймақтарында болған күшті су тасқыны мен көшкін салдарынан 17 адам қаза тапты. Report агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы елдің Табиғи апаттардың салдарын жою жөніндегі ұлттық басқармасының баспасөз хатшысы Юсуф Хаммад мәлімдеді,— деп хабарлайды newsroom.kz
Мәліметке сәйкес, қолайсыз ауа райының салдарынан тағы 26 адам жарақат алған. Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, сондықтан қаза тапқандар саны артуы мүмкін.
Табиғи апат Ауғанстандағы 34 провинцияның 13-іне әсер еткен. Әсіресе елдің батыс, орталық және солтүстік-батыс аймақтары қатты зардап шеккен.
Хаммадтың айтуынша, қатты ауа райы салдарынан 147 үй толық немесе жартылай қираған, шамамен 80 шақырым жол жойылған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы алқаптарына, суару арналарына және кәсіпорындарға да айтарлықтай зиян келген.
Синоптиктердің болжамынша, қатты жауын-шашын жалғасуы мүмкін, сондай-ақ елдің шығыс және орталық өңірлерінде тағы да су тасқыны болуы ықтимал.