Жаңалықтар

Қазақстан World Anti-Doping Agency-мен ынтымақтастықты күшейтті

«Қазақстан Орталық Азия өңірінде таза спортты ілгерілетуде негізгі рөл атқарады» — ҚР Туризм және спорт министрлігі Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен (WADA) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды,— деп хабарлайды newsroom.kz

Қол қою рәсімі Польшаның Торунь қаласында өткен жабық ғимараттағы жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты аясында өтті. Құжатқа министр Ербол Мырзабосынов пен WADA президенті Витольд Банька арасындағы кездесу барысында қол қойылды.

Меморандум еліміздің таза спорт қағидаттарына берік екенін растайды, сондай-ақ Мемлекет басшысының халықаралық ынтымақтастықты дамыту және допингке қарсы саясатты жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.

«Біздің белсенді ынтымақтастығымыз өткен жылы Астанада Мемлекет басшысының жылы қабылдауынан бастау алды деп есептеймін. Допингке қарсы зерттеулердің дамуына көрсеткен қолдауы үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғасында Қазақстанға алғысымды білдіремін. Бұл келісім Қазақстанның өңірде таза спортты дамытудағы жетекші рөлінің нығайып келе жатқанын көрсетеді», — деді Витольд Банька.

Сонымен қатар тараптар 2027 жылы Астанада WADA-ның Атқарушы комитеті мен Құрылтай кеңесінің отырыстарын өткізу мүмкіндігін талқылады.

Ербол Мырзабосынов Қазақстанның адал бәсекелестік қағидаттарын ұдайы ұстанатынын және допингке қарсы білім беру жүйесін белсенді түрде дамытып жатқанын атап өтті.

«WADA-мен ынтымақтастық біз үшін стратегиялық маңызға ие. Қазақстанда таза спорт мәдениетін қалыптастыруға, халықаралық стандарттарды нығайтуға және әлемдік озық тәжірибелерді енгізуге басымдық беріледі. Еліміз допингтің алдын алу және білім беру бағытындағы бағдарламаларды қолдап, оларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді», — деді министр.