Құқықсыздықты бекіткен қылмыстық кодекс
TSN.ua хабарлағандай, «Талибан» қозғалысының жетекшісі Хибатулла Ахундзада Ауғанстанның жаңа 90 беттік Қылмыстық кодексіне қол қойды. Бұл құжат отбасылық зорлық-зомбылықты заңдастырып, касталық жүйені бекітеді және әйелдерді ресми түрде ер адамдарға бағынышты деңгейге түсіреді. Сондай-ақ әйелдерге қатысты қатаң жазалар мен шектеулер енгізіледі.
Жаңа нормаларға сәйкес, ер адамның әйелді «шамадан тыс» ұрып-соққаны үшін берілетін ең жоғары жаза — небәрі 15 тәулік қамау. Ал күйеуінің рұқсатынсыз ата-анасының үйіне қашып кеткен әйел үш айға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
2021 жылғы 15 тамызда Талибан билікке қайта келгеннен кейін елде әйелдердің құқықтары күрт шектеле бастады. Жаңа кодекс осы саясатты заң жүзінде бекіткен құжат ретінде бағалануда.
Ауған әйелдеріне қойылған тыйымдар жүйесі
Талибандар енгізген шектеулерге мыналар жатады:
• қоғамдық орындарда бет-әлпетін көрсетуге тыйым салу;
• алтыншы сыныптан кейін және жоғары білім алуға тыйым салу;
• еңбек етуге тыйым салу;
• саяси өмірге қатысуға тыйым салу;
• дүкендерге баруға тыйым салу;
• күйеуінің немесе ер адам қамқоршысының (махрамның) еріп жүруінсіз сапарға шығуға тыйым салу.
Сарапшылардың бағалауынша, мұндай шектеулер ана мен бала өлімінің артуына, отбасылық зорлық-зомбылықтың күшеюіне және әйелдердің толық құқықсыз жағдайға түсуіне алып келуі мүмкін.
Сонымен қатар әйелдерге өзіне жақын туыс емес ер адамдарға қарауға да тыйым салынады. Ал такси жүргізушілері махрамсыз жүрген әйел жолаушыны алып жүргені үшін жазалануы мүмкін.