Лондон шешімі: Қазақстан мұнайын тасымалдауға «Транснефтьке» рұқсат
Ұлыбритания Қаржы министрлігінің Санкцияларды іске асыру басқармасы (OFSI) санкцияға іліккен «Транснефть» компаниясымен Қазақстан мұнайын жеткізу, сатып алу, тасымалдау немесе жеткізіп беру бойынша операциялар жүргізуге лицензия берді. Бұл лицензия 19 наурыздан бастап 2028 жылдың 18 наурызына дейін жарамды,— деп хабарлайды newsroom.kz
Лицензия аясында «Транснефть» және оның еншілес компанияларының қатысуымен Қазақстан мұнайын жеткізу, сатып алу, тасымалдау немесе жеткізуге байланысты кез келген қызметке, соның ішінде төлемдер жүргізуге рұқсат етіледі. Алайда бұл мұнай Ресеймен байланысты тұлғалардың меншігінде болмауы тиіс және тек Ресей аумағы арқылы тиеу, түсіру немесе транзит арқылы өтуі қажет.
OFSI мәліметінше, осы лицензия бойынша рұқсат етілген кез келген қызметті жүзеге асыратын санкцияға іліккен компаниялар, тұлғалар немесе Ұлыбританияның тиісті ұйымдары барлық операциялар туралы қағаз немесе электронды түрде нақты, толық әрі оқылатын жазбаларды кемінде алты жыл бойы сақтауға міндетті.
2026 жылғы 24 ақпанда Ұлыбритания «Транснефть» АҚ-ын санкциялық тізімге енгізді. Сонымен қатар британ тарапы операцияларды біртіндеп тоқтатуға арналған уақытша лицензия (wind down) берді, ол 2026 жылдың 9 сәуіріне дейін күшінде болады. Бұған қоса, 2025 жылғы 10 қаңтарда берілген санкциялық ерекшеліктерге жататын жобаларға арналған (Russian Oil Exempt Projects) жалпы лицензия «Дружба» мұнай құбырына қатысты және осы жоба бойынша операцияларды 2027 жылдың 14 қазанына дейін жалғастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан 2023 жылдан бері «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға мұнай жеткізіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жеткізілім көлемі 2,1 млн тоннаны құрады. Ал 2026 жылы бұл көлемді 2,5 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Қазақстан мұнайының бір бөлігі Ресей порттары арқылы экспортталады. Ел мұнайының шамамен 80%-ы әлемдік нарыққа Каспий құбыр консорциумы (КТК) жүйесі арқылы жеткізіледі. Оның тиеу терминалы Ресейдің Новороссийск қаласында орналасқан.
КТК акционерлері: Ресей Федерациясы – 31% (оның ішінде «Транснефть» басқаруында 24%, балансында 7%), Қазақстан – 20,75% («ҚазМұнайГаз» – 19%, Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%), Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, LUKOIL International GmbH – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holding Limited – 2%, Eni International N.A. N.V. – 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.