Жаңалықтар

Путин мамыр айында Қазақстанға келеді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында тараптар Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өтетін күндері Ресей президентінің Қазақстанға сапары туралы келісті.

Владимир Путин аталған кеңес отырысына қатысатынын растады. Шара мамыр айында Астанада өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік әріптесін осы күндері Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырған, Путин шақыруды қабыл алды.

Жаңа жыл қарсаңында екі ел басшысы Санкт-Петербургтегі кездесулер аясында де байланыс орнатып, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылаған еді.

Еске салсақ, өткен желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға АҚШ президенті Дональд Трампты да шақырған болатын.