Жаңалықтар

Әуе билетін аларда әріптен қателестіңіз бе? Енді қателер үшін айыппұл салынбайды

Қазақстанда жолаушылардың аты-жөніндегі болмашы қателер үшін салынатын айыппұл мәселесі қайта қаралды. Бұл бағытта Бас көлік прокуратурасы әуе тасымалдаушымен келіссөз жүргізді.

Тексеру барысында көптеген айыппұл жолаушылар авиабилет рәсімдеу кезінде жіберген ұсақ қателер — аты, тегі немесе әкесінің атының бір-екі әріптен қате жазылуына байланысты салынғаны анықталған.

2025 жылы «Qazaq Air» әуе компаниясы (қазіргі атауы — Vietjet Qazaqstan) 3 815 жолаушының деректерін түзеткен. Олардың басым бөлігі — екі әріпке дейінгі қателер болған.

Астана қаласының авиациялық көлік прокуратурасы компания басшылығымен кездесу өткізіп, мәселені талқылады. Нәтижесінде 2026 жылдың басынан бастап жаңа тәртіп енгізілді: енді жолаушының аты-жөніндегі екі әріпке дейінгі қателер тегін түзетіледі.