Әскердегі әлімжеттік: сарбаз ауыр жарақат алды
Отардағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі сарбаз ауыр жарақат алған. Оның жақ сүйегі мен мұрны сынған. Ота жасалғанымен, кейін толыққанды ем көрсетілмегені белгілі болды.
Туыстары сарбаздың біраз уақыт пәтерде ұсталғанын айтқан. Қосымша тексеріс операцияның дұрыс жасалмағанын көрсеткен. Қазір ол Алматыдағы әскери-клиникалық госпитальде ем қабылдап жатыр.
Оқиғаға байланысты Әскери полицияның бас басқармасы қылмыстық іс қозғады. Іс әскери қызметшіге күш қолдану фактісі бойынша тіркелген. Тергеу барысында барлық қатысы бар тұлғалардың және уақтылы хабарламаған лауазымды адамдардың әрекетіне жан-жақты тексеріс жүргізілуде.
Тергеу кезеңінде бірқатар лауазымды тұлғалар қызметінен шеттетілді. Қарулы күштер басшылығы жағдайды ерекше бақылауға алған. Кінәлілер заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатыны хабарланды.