Жасанды интеллект қателесті — кім жауап береді? Қытай соты нүкте қойды
Қытайда жасанды интеллекттің жауабына сенген азамат сотқа жүгініп, бірақ талабын дәлелдей алмады. Бұл — елдегі алғашқы осындай дау.
«Синьхуа» агенттігінің мәліметінше, Лян есімді азамат университет туралы ақпарат алу үшін AI-қосымшасын пайдаланған. Алайда сервис қате дерек берген. Ескерту жасағаннан кейін нейрожелі «ақпарат дұрыс болмаса, 100 мың юань өтемақы төлейміз» деп жауап берген.
Пайдаланушы сот арқылы 9 999 юань өндіріп алуды талап еткен. Бірақ Ханчжоу интернет соты талапты қанағаттандырмады.
Сот шешімінде жасанды интеллект жауаптары компания үшін заңды міндеттеме болып саналмайтыны айтылды. Қытай Жоғарғы халық соты бұл елдегі алғашқы осындай құқықтық дау екенін мәлімдеді.