Әлем

Ресей дрондары Одессадағы теміржол нысанын соқты: алапат өрт шықты

15 ақпанға қараған түні Ресей әскері Одессаға дрондармен шабуыл жасап, теміржол инфрақұрылымында ірі өртке себеп болды.

Оқиға Одесса қаласында болған. Соққы салдарынан теміржол нысаны зақымданып, кейін қайталама шабуыл кезінде жанармай цистернасы бүлініп, мұнай өнімдері төгілген. Соның салдарынан алапат өрт тұтанған.

Облыстық төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, құтқарушылар күрделі жағдайда жұмыс істеп, бірнеше ірі өртті ауыздықтаған. Сондай-ақ қараусыз тұрған ғимараттың шатыры өртенген. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге 100-ден астам құтқарушы жұмылдырылған.

Билік өкілдері әуе дабылы түні бойы тоқтамағанын хабарлады. Жарылыс толқыны тұрғын үйлер мен оқу орындарының терезелерін сындырған. Әуе қорғанысы күштері нысаналардың басым бөлігін жойғанымен, азаматтық және көлік инфрақұрылымына зиян келген. Кей аудандарда жарық өшіп, су беру уақытша тоқтатылған.