Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровты үлкен жеңісімен құттықтап, сыйлық табыстады.
Әнші спортшыға арнаған жазбасында:
«Мишабай, бауырым! Үміт, рух, шабыт сыйладың. Еліңнің абыройын асқақтаттың» деп атап өтті. Сондай-ақ ол марқұм досы Денис Тенді еске алып, Шайдоров оның жолын лайықты жалғағанын айтты.
Димаш Құдайберген спортшының Олимпиадада өз әнімен өнер көрсеткеніне алғыс білдіріп, жеке атынан автокөлік сыйлаған.
Айта кетейік, Қазақстан Қысқы Олимпиада ойындарына тәуелсіз ел ретінде қатысқан тарихында екінші алтын медалін жеңіп алды. Бұған дейін 1994 жылы Владимир Смирнов шаңғы жарысынан Олимпиада чемпионы атанған еді.
Бұл – Қазақстанның мәнерлеп сырғанаудан алған алғашқы Олимпиада алтыны. Бұған дейінгі үздік нәтиже 2014 жылы Денис Тен иеленген қола жүлде болатын.