Жаңалықтар

Әйел күйеуі мен қызының қайтыс болғанын екі жыл бойы ешкімге айтпай, мәйіттерін үйде сақтаған

Павлодар облысында көрші тұрған екі үйден ұзақ уақыт бойы жатқан екі адамның мәйіті табылып, қоғамды алаңдатқан ауыр оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға кезінде бір үйде кәмелетке толмаған қыз болғаны анықталды.

Қайғылы жағдай Майқайың ауылында болды. Алдын ала деректерге сәйкес, табылған екі адамның бірі шамамен екі жыл бұрын, екіншісі бірнеше ай бұрын қайтыс болған болуы мүмкін. Мәйіттердің ұзақ уақыт бойы жатқаны туралы ақпаратты жергілікті тұрғындар алғаш болып таратқан.

Қазір барлық мән-жайды толыққанды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мәйіттердің бірі қарт әйел тұрған үйден, екіншісі көрші баспанадан табылған. Бейресми мәлімет бойынша, қайтыс болғандар сол әйелдің туыстары — күйеуі мен қызы. Сондай-ақ, ол қыщының жәрдемақысы мен күйеуінің зейнетақысын алып отыру үшін олардың қайтыс болғанын жасырып келген деген ақпарат тарауда.

Медициналық қызметкерлердің назарын отбасы мүшелерінің бірінің ұзақ уақыт бойы қабылдауға келмеуі аударған. Дәрігерлер көрсетілген мекенжайға барған кезде есікті ешкім ашпаған. Кейін тексеру барысында қайғылы жағдай анықталған.

Сәуле Шәкенева — Павлодар облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкілдің мәліметінше, үйлердің бірінде кәмелетке толмаған қыз анаcымен бірге тұрған. Қазір бала ауруханаға орналастырылып, кейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Екібастұз қаласындағы орталыққа жіберіледі. Табылған мәйіттердің бірі — сол қыздың анасына тиесілі екені айтылды.

Уәкілдің айтуынша, қыз балабақшаға бармаған, сондай-ақ мектепте де оқымаған, себебі оқу жылы басталған кезде оның жасы небәрі беске енді толған. Дәрігерлердің қорытындысы бойынша, бала денсаулығы жағынан қалыпты, көзге көрінетін ауытқулар жоқ. Қазір онымен балалар психологы жұмыс істеп жатыр.

Ауыл тұрғындары бұл отбасының тұйық өмір сүргенін, ешкіммен араласпағанын, үйіне бөгде адамдарды кіргізбегенін айтады.

Аталған дерек бойынша тергеу жалғасуда. Құзырлы органдар оқиғаның барлық себептері мен жағдайларын мұқият тексеріп жатыр. Майқайың ауылы Павлодар қаласынан шамамен 145 шақырым жерде орналасқан.