2026 жылғы дипломатия: Мексика президенті Оңтүстік Кореядан BTS концертін көбірек ұйымдастыруды сұрады
Мексика президенті Клаудия Шейнбаум Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мёнге BTS тобының концерттеріне деген үлкен сұранысқа байланысты өтініш білдірді. Оның айтуынша, жоспарланған концерттерге билет жетіспей отыр, сондықтан қосымша концерттер ұйымдастыру қажет.
«Барлығы концертке барғысы келеді. Шамамен бір миллион жас билет сатып алғысы келеді, алайда қолда бар билеттер саны небәрі 150 мың», — деді Шейнбаум.
The Guardian дерегінше, Мексикада K-pop жанрының ең ірі фанаттық қауымдастықтарының бірі орналасқан. Соған қарамастан, елде бар болғаны үш концерт жоспарланған. Көптеген жанкүйер билет ала алмай, билет сату сервистерінің жұмысына шағымданған.
BTS тобының әлемдік турнесі 2026–2027 жылдарға жоспарланған. Тур аясында ұжым 70-тен астам концерт өткізеді.