Жемқорлыққа қарсы ИИ-министрді жасағандар өздері жемқорлыққа айыпталды
Албанияда Жемқорлықпен күресуге арналған виртуалды министр Диелланы әзірлеген Ұлттық ақпараттық қоғам агенттігінің (AKSHI) басшыларына қатысты жемқорлық айыптары тағылды.
Тергеу мәліметінше, әзірлеушілер қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін әдейі бұрмалаған қылмыстық топ құрған. Келтірілген шығын көлемі 7,4 миллион еуроға бағаланып отыр.
Диелла — жасанды интеллект негізінде жасалған аватар. Жоба мемлекеттік сатып алулардағы ашықтықты арттырып, бюрократияны азайту құралы ретінде ұсынылған.
Жүйе 2025 жылдың қыркүйегінде іске қосылған. Сол кезде-ақ желі қолданушылары үкімет бастамасының ашықтығына күмән келтірген. «Албанияда нейрожелі де пара алуды үйренеді», — деп жазған еді комментаторлар.